Басқы бет → БАҚ біз туралы → Қазақстан автожолшылар Қауымдастығының президенті ҚазжолҒЗИ жаңа құрылғыларымен танысты

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар

Қазақстан автожолшылар Қауымдастығының президенті ҚазжолҒЗИ жаңа құрылғыларымен танысты

27 мамыр 2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың автомобиль жолдары сапасына байланысты ескертпесінен кейін саланы  сынға алатындар көбейе түсті. Бұның бәрі сала мамандарының еңбегін жоққа шығару емес, бүгінгі күн талаптарына сай нәтижені күту екендігі белгілі.
 

Осы тұста еліміздің автожолшылары тізе қосып еңбек етіп, сындарлы сыннан оң нәтиже шығаруға бел буған. Бұған дейін де отандық жол ғылымы мен оның жетістіктері туралы аз айтылып жатқан жоқ. Көзі қарақты көрермен мен жол саласына қатысы бар мамандар Қазақстан Республикасындағы жалғыз жол ғылыми-зерттеу институтының жұмыстары мен нәтижелерінің шетел асып, танымал болып жатқандығын біледі.
 

Жақында Қазақстан автожолшылар Қауымдастығының президенті Баймағамбетов Бағлан жұмыс сапары аясында Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтына келді. Өз ісінің білгірі, тәжрибелі маман Бағлан Баймағамбетов жолшы мамандығын қарапайым жұмысшыдан бастаған, бүгінде Қазақстан автожолшылары қауымдастығының президенті.
 

Ол кісі бұған дейін де ҚазжолҒЗИ зертханаларында жасалып жатқан зерттеу жұмыстары туралы кеңінен білетін, өзі де айтып жүрген жұмыстарды тағы да көзімен көріп кетуді жөн санапты.
 

Бағлан Баймағамбетов ҚазжолҒЗИ зертханаларының аралап көріп, институт қолға алған жаңа жобалар  барысымен танысты.
 

— ҚазжолҒЗИ заманауи технологиялық талаптарға сай жабдықталған, ТМД ғана емес, шетелдік белді ғылыми мекемелермен терезесі тең ғылыми институт. Оны осында әр келген сайын өзім көзбен көріп жүрмін. Институт басшысы өзінің ғылыми зерттеулерімен әлемге танымал белгілі ғалым – Бағдат Телтаев, ол әлем бойынша жол саласындағы алғашқы үш ғылыми жаңалықтың авторы. Бүгін осы мекемеде ғылымға бет бұрған жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын көріп, олардың ғылыммен тікелей айналысып, еңбектерін жоғарғы рейтингті басылымдарда жариялап жүргендерін естіп, қуанып қалдым. Бұл жол ғылымының болашағы бар деген сөз. Ал, ғылым мен жаңа технологияларға негізделген жол – болашақтың жолы, - деді Бағлан Баймағамбетов.
 

Бағлан Баймағамбетов жылжымалы жол зертханаларының ғылыми тақырыптарға қатыстылығы, автомобиль жолдарының зерттеліп жатқан учаскелерінде температура мен ылғалдылық деректерін автоматты түрде алу үшін орнатылатын датчиктер туралы мәліметтерге қанықты.
 

Сонымен қатар тараптар кездесу барысында  Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бірлесе атқарылатын іс-шаралар жөнінде бірқатар келісімдерді талқылады. 
 


Біздің серіктестер