Басқы бет → БАҚ біз туралы → ЖОЛ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАЙТЫН ОҚУ ОРНЫ КЕРЕК

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар

ЖОЛ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАЙТЫН ОҚУ ОРНЫ КЕРЕК

20 тамыз 2019

Кез келген ел үшін жол экономиканың күре­тамыры саналады. Автокөлік жолы оқтаудай түзу, тақтайдай тегіс мем­лекетте жүк тасымалы мен адам­дар­дың барыс-келісі жақсарып, ту­риз­мі де, экономиканың көптеген сала­лары да дами түспек. Тәжірибелі маман, «Қазақстан жол-ғылыми зерт­­теу институтының» ғылыми кеңес­­шісі, еліміздегі тұңғыш жол про­­фессоры Бақытжан МҰРТАЗИН біз­бен сұхбат барысында бүгінгі жол саласына қатысты түйткілді мәсе­ле­лердің түйініне тоқталып, назарға ала­тын жайттарды жіпке тізуге тырысты.

− Бақытжан Сәтмағамбетұлы, тәуел­сіз­­дік жылдарында автокөлік жолын салу ісіне мемлекет тарапынан ай­тар­лық­тай қолдау көрсетіліп келеді. Осы сала­ның маманы ретінде еліміздегі жол құ­рылысының қарқынына, жұмыстың са­пасына берер бағаңыз қандай?

− Автомобиль жолдары еліміздің эко­номикалық және әлеуметтік дамуы жо­лын­дағы көптеген мәселелерді оңтайлы шешу­дің басты факторларының біріне айналып отыр. Мемлекет жыл сайын жаңа жол құры­лы­сына, қайта салу мен қолданыстағы жолдарды пайдалану барысындағы күтіп-ұстау шараларына елеулі қаражат бөліп келеді.  Қазір елімізде көлік ағындарының үздіксіз қозға­лысын қауіпсіз қамтамасыз ететін замана­уи автомобиль магистральдары салынуда. Авто­мобиль жолдарын абаттандыру және жол сервисін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Бұл, әрине автомобиль жолдарын пайдаланушылар мен жол сала­сы­ның барлық еңбеккерлерін қуантады. Елі­міз­дегі жолсыздықпен  күрестің  алғашқы жетіс­тіктеріне қол жеткізе бастадық. Ел тари­хындағы автомобиль жолдарының қар­қын­ды дамуының ғұмыры қысқа болмай, алдағы уақытта стратегиялық сипаттағы тұрақты құбылысқа айналса дейміз.

− Кезінде алғаш рет ЖОО-да «Авто­мо­биль жолдары» кафедрасын ұйым­дас­ты­рып, сол кездегі қазақ балаларының жол ғылымы саласына бет бұруына жағ­дай жасадыңыз. Бұл саланың ғылыми тұр­ғы­да бүгінгі жағдайы қандай? Маман даяр­­лау ісі қаншалықты көңіліңізден шы­ға­ды?

− Елдің автокөлік инфрақұрылымын да­мыту және жетілдіру мен   ұзақ мерзімді бағ­дарламаларды іске асыру үшін маңызды шарт­тардың бірі − автомобиль жолдарының көлік-коммуникация кешені саласындағы кә­сіпорындар мен ұйымдардың  жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау қызметтерінің мамандарын көбейтіп, инженерлік кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі. Жоғары  кәсіби білім беру жүйесін реформалауға байланысты автомобиль-жол білімі  құрылымы мен мазмұны да маңызды өзгерістерге ұшырады. Бакалаврларды даярлауға көшу үдерісі, мамандарды даярлау мерзімдерінің қысқаруы, студенттердің кәсіби дайындығы бойынша оқу пәндері көлемінің күрт азаюына себеп болды. Ал жалпы ғылыми және жалпы инженерлік сабақтар көлемі өзгеріссіз қалды десе де болады. Бүгінде білім беру стандарты бо­йынша, жол шаруашылығына маман даярлау «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша жүргізіледі. Алайда жол салу саласы тек жобалау мен құрылыстан ғана тұрмайды. Оқу орнын бітірген түлектердің басым көпшілігі,  сол жолды жөндеу, сақтау және пайдалану мекемелерінде де қызмет атқарады. Осыған байланысты жобалау мекемелері мен жолды пайдалану мекемелері, оның қауіпсіздігі мен жол қозғалысы ережелерін үйрететін көптеген мәселелер білім беру стандартында толық қамтылмаған. Сөйтіп бұл сала теория  және тәжірибе жүзінде терең игерген, арнайы дайындықтан өткен мамандарға зәру.

− Сіз атаған мәселелердің шешілу жолдары қандай болмақ?

− Сапалы, білікті мамандар даярлау үшін жоба­лау, құрылыс жүргізу, автомобиль жол­дарын пайдалану сынды салаларға аса мән берілуі керек. Оның ішінде білім беру жүйе­сінде мына мәселелер ескерілуі керек: кадр даярлау; жоғары оқу орындарындағы «Кө­лік құрылысы» мамандығының орнына «Автомобиль жолдары» мамандығы бо­йынша даярлау; «Автомобиль жолда­ры» мамандығын бітіруші түлектерге бі­лім беру барысында  автомобиль жолда­рын жобалау, автомобиль жолдарын салу, жолдарды пайдалану және жол қоз­ға­лы­сын ұйымдастыру, жол-құрылыс материалдары мен бұйымдары сондай-ақ, сала кәсіпорындарында жол мамандығының ерекшеліктерін, функционалдық қызметін ескеретін  жаңа білім беру стандартын жасау; жол саласына жаңа технологияларды енгізу және әкімшілік-басқару міндеттерін жедел шешуге мүмкіндік беретін біліктілікті арт­тыру және кадрларды қайта даярлау жүйе­сін енгізу.

Автомобиль жолдары құрылысына ка­др­­­­лар даярлау ісін түбегейлі шешу үшін ТМД елдері, соның ішінде Ресей мен Өзбекс­­тан­дағыдай жол саласына мамандар даярлайтын арнайы жоғары оқу орны керек. Бұл оқу орны жоғары автомобиль-жол білімінің  мемлекеттік стандарттарын жасауға, білім бағдарламалары мен  оқу жоспарларын  құрып, керек кезінде то­лық­ты­рулар мен түзетулер енгізіп отыруға  жауапты болады.  Бұл ретте мемлекеттік маңызы бар білім құжаттарын дайындау, оны өнді­ріс­ке енгізу тек мемлекеттік жоғары оқу орнының құзырында болуы тиіс. Себебі жекеменшік жоғарғы оқу орындарының басты мақсаты нарықтық талаптарға басым­дық беретінін өмір көрсетіп отыр. Сонымен қатар жол саласына оқу мамандар даярлайтын басқа да жоғары орындарындағы білім стан­дарттарының сапасын тексеріп, қада­ға­лап  отыратындай өкілеттігі болуы тиіс. Жол саласында ашылатын жоғары оқу орны, елімізде   зерттеу университеттерін құруды дамыту бағдарламасы аясында, құ­ра­мында жоғары дәрежедегі кәсіби ғы­­лыми қызметкерлер мен педагогтар шо­­ғырланған, заманауи зертханалармен жаб­дық­талған, жол материалдарын зерттеу қор­­ытындылары шетелдерде қолдау тауып отыр­­ған Қазақстан жол-ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыста болғаны жеміс­ті болар еді деп санаймыз.

Мемлекеттік жоғары мектеп пен жол кәсіпорындарының өзара тығыз байланыс­та болуы, аймақтық жол мекемелерімен келісімшарт арқылы,  қандай салаға мамандар қажеттігін анықтап жедел әрекет етуге, сонымен бірге қызметкерлердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік берер еді. Бұл тұрғыда көршілерімізді мысалға ала кетуге болады. Жақында Ташкент автомобиль-жол институты Ташкент автомобиль жолдарын жобалау, құрылыс және пайдалану институты болып қайта құрылды. Бұл дегеніңіз елдің әлеуеті мен экономикасын, мәдениеті мен білім дәрежесін көтерудегі автомобиль жолының рөлін арттыру екені сөзсіз.

− Жасыратыны жоқ, елімізде салынған жол­дардың көп уақыт өтпей жатып бү­лі­не бастайтыны белгілі. Салынған жол тез бұзылса, оған кім жауапты екенін таба алмай әбігер боламыз. Осы ретте, мәсе­ле­ні ба­қылауына алатын жауапты мекеме ке­рек қой...

− Жол саласына қомақты инвестиция салынуда. Бұл қаржы  республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жол­дарын салу, қалпына келтіру, жөндеу және күтіп ұстауға, сонымен қатар жол қозға­лы­сы­ның қауіпсіздігін ұйымдастыру мен жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға бағыт­талған. Бұл жағдайда, күн тәртібіне жол активтерін тиімді басқару сияқты жауапты сұрақ қойылатыны белгілі. Осыған орай, уақыт талабына сай Сапаны басқару орталығы құрылды. Өңірлердегі барлық атқары­лып жатқан жұмыстар бір әдістемелік жүйеге топтастырылды. Орталық жұмысы енді бас­талып жатыр, сапаны қадағалаудың қорытындылары алдағы уақытта өз жемісін беруі тиіс. Бұл орталықта тек құрылыс барысында инженерлік талаптармен ғана шектеліп қалмай, қадағалау жүйелі түрде жүргізіледі деген ойдамыз. Өйткені автомобиль жолдарының сапасына мемлекеттік нормативтік құжаттардың  барлық талаптары орындалғанда ғана қол жеткізуге болады.

Тағы да бір көңіл бөлетін мәселе, елі­міздегі жол саласының нормативтік құжат­та­рын басқа азаматтық құрылыс саласы ма­ман­­дарының жасауында болып отыр. Ондай құжаттардың сапасы сын көтермейді. Демек жол саласына қатысты құжаттар, осы салада тәжірибе жинаған, ғылыми және біліктілік дәре­жесі бар мамандардың көмегімен да­йын­далып толықтырылуы тиіс.

Жол құрылысының сапасын бақылау ісі құрылыс жұмыстарын ғана қатаң қада­ға­лаумен шектелмеуі керек. Ол жерде жоба­лау-сметалық құжаттаманың тиімділігі, қа­зір бағаланбай жүрген инженерлік ше­шім­­дердің негізделуі, жол қозғалысы  қа­уіп­сіздігі мен экологиялық тиімділік тұр­­ғы­сынан туындайтын мәселелердің бар­лы­ғы толығымен қамтылуы тиіс. Сапаны бақылау орталығының құзырына жол саласына дайындалып жатқан мамандардың біліктілігін қадағалап отыруды да енгізу керек. Себебі автомобиль жолдарын салу­да­ғы, пайдаланудағы технологиялық опера­ция­лардың толықтай сапалы орындалуы мамандардың білім деңгейіне тікелей байла­ныс­ты.

Сапа орталығы жол активтерін бас­қа­­руды да бақылайды. Автомобиль жол­да­рының жағдайы мен жолдағы жасанды ғимараттардың жағдайлары туралы алғаш­қы құжаттар мен мәліметтер әрбір облыс­тар­дағы Сапа орталығының филиалдарында бірыңғай әдістеме арқылы сараланады. Барлық мәліметтер заманауи цифрлы технологиялармен жабдықталған Қазақстан жол-ғылыми зерттеу институтында сақталып, керек кезінде жаңартылып отырады. Бүкіл еліміздің немесе нақты бір аймақтың автомобиль жолдарының пайдаланылу барысы туралы барлық ақпарат келешекте жол құрылысына қатысты ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламалар жасап, жөндеу жұ­мыстарын тиімді жоспарлауға қол жет­кізе­ді. Мұндай маңыздылығы мен қажеттілігі жоғары жұмыстың тиімді екеніне  күмән жоқ. Себебі автомобиль жолы саласындағы құзыр­лы органдар табиғи-климаттық жағ­дай­ға, аймақтың экономикалық дамуына байланысты қаржыландыру деңгейін, атқарылатын жұмыстың мекенжайын, мер­­дігерлік мекемелердің  мүмкіндігін, жұ­мыс өнімділігі туралы тағы да басқа көр­сет­кіштердің барлығын біліп отырады. Бұл қадам шұғыл және тиімді шешім қабылдауға мүм­кіндік береді. 

− Мемлекеттік қазынадан жолға бө­лін­­ген қаражаттың тиімді жұмсалуы, жем­­­­қорлық фактілерге жол берілмеуі үшін қандай жұмыстарға басымдық бе­ріл­­уі тиіс?

− Сапа орталығы арқылы активтерді басқару жүйесін енгізудің ең басты мақ­сатының бірі – жобалау, құрылыс жүр­гі­зу, жолды жөндеу және пайдалану ке­зін­де қаржылық басқаруды жекелеген тұл­ғалардың қолымен емес, электронды түр­де жүргізу. Бұл дегеніңіз жұмыстарды уа­қтылы және барынша төмен бағаға  орын­дау­ға қол жеткізуге, сыбайлас жемқорлықты бол­дырмауға ықпал ететін бірден-бір құрал деуге болады.

 

Әңгімелескен Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөзі:

https://egemen.kz/article/206941-zhol-mamandaryn-dayarlaytyn-oqu-orny-kerek

 


Біздің серіктестер